«САМҰРЫҚ-ЭНЕРГО» АҚ | БІРІКТІРІЛГЕН ЖЫЛДЫК ЕСЕП

«САМҰРЫҚ-ЭНЕРГО» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ

Құрметті оқырман!

2018 жылы ішкі нарықтағы бәсекелестік пен сыртқы сын-тегеуіріндер артқан жағдайда Компания өндіріс көрсеткіштері мен қаржылық нәтижелерді жақсартуда елеулі табыстарға қол жеткізді. Соңғы жылдары энергохолдингке қарасты ұйымдар қызмет тиімділігін және электр энергиясы мен көмір өндіру көлемінің тұрақты өсу қарқынын көрсетіп отыр.

Бүгін Компания алдында жоғары экономикалық тиімділік пен инновациялық жетілуді, әлеуметтік жауапкершіліктің озық стандарттарын үйлестіре отырып, ішкі тұтынушылар мен экспорт көлемін энергия ресурстарымен толық қамтамасыз ете алатын оңтайлы даму моделін қалыптастыру міндеті тұр.

Қазіргі уақытта Компанияның өндіруші қуат негізін көмірмен жұмыс істейтін конденсациялық энергия блоктары құрап отыр. Соған орай өндірісті дамытудағы басты күш қолда бар қуат көздерінің операциялық тиімділігін арттыруға, оның ішінде: өндірістік шығынды оңтайландыруға, жабдықтарды орынды пайдаланып, дер кезінде жөндеуден өткізуге, инновациялық даму мен инвестициялық жобаларды тиімді іске асыруға бағытталып отыр.

2018–2028 жылдарға арналған Даму стратегиясын жүзеге асыру аясында, есепті кезеңде атқарылуы тиіс іс-шаралар қатарында Алматы мен Алматы облысының энергетикалық қайта жарақтандыру бағдарламасы орындалғанын атап өтуге болады. Трансформаторлық қуаты 80 МВА болатын ҚС-110/10/6 кВ № 170А «Жас Қанат» станциясы іске қосылды. «Түрксіб» қосалқы станциясы трансформаторлық қуаттың 30 МВА артуына мүмкіндік беріп, еліміздің ірі мегаполисіндегі Түрксіб ауданының орталығының жаңа «Жас Қанат» шағын ауданын электр қуатымен жабдықтауды қамтамасыз ететін болады. Жүктемені «Горный Гигант» қосалқы станциясынан 110 кВ-тық желілер арқылы жаңғыртылған «Ерменсай» қосалқы станциясына көшіру жобасы аяқталды. Қапшағай су электр станциясында № 3 гидроагрегатты жөндеу жұмыстары табысты аяқталды, бұл нысан жабдықтар жұмысының сенімділігін арттыруға және өндірісте болуы мүмкін апат жағдайларын азайтуға мүмкіндік береді. Еліміздің өзге де аймақтары назардан тыс қалған жоқ. Станцияны жаңғырту шаралары аясында «Шардара ГЭС» АҚ-ның төрт гидроагрегатының біріншісінде монтаждау аяқталып, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілді. Ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары ГЭС қуатын 26 пайызға арттыруға – қазіргі 100 МВт-тан 126 МВТ-қа дейін көбейтуге мүмкіндік бермек. Жыл сайын қосымша 57 млн. кВт•с қуат өндірілетін болады. Электр энергетикасы саласын дамыту және жаңғырту бағдарламасын іске асыру мақсатында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Нұрлы ауылы аумағында қуаты 5 МВт-тық Жел электр станциясының құрылысы аяқталды. Станция әрқайсысының қуаты 2,5 МВт болатын редукторсыз тікелей жетекті генераторы бар екі инновациялық энергетика қондырғысынан тұрады, және бұл қондырғылар жылына 17 млн. кВт•с баламалы электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді.

Қазақстандық электр энергиясы нарығының айтулы оқиғаларының бірі қуат нарығының жұмыс істеуіне байланысты Бірыңғай сатып алушы моделінің енгізілуі болып табылады. 2018 жылдың аяғында «КОРЭМ» АҚ-ның сауда алаңқайында солтүстік және оңтүстік аймақ үшін электр қуатының алғашқы сауда-саттығы өткізілді, осы алаңқайда Компания электр станциялары айына 590 мың теңге/МВт-тан 2148,7 МВт қуатты сатылымға шығарды. Сатылым және коммерциялық диспетчерлендіру қызметтерін дамыту бағытында «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес компанияларының алтауында сауда қызметін толықтай орталықтандыру жоспарланып отыр. Бұл қадам электр өндіруші компаниялардың жүктемесін оңтайландыруға, әрбір еншілес кәсіпорынның табысын молайтуға, сондай-ақ олардың қуат нарығына қатысу тиімділігін арттыруға ықпал ететін ең озық басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

Электр энергиясы нысандарын жаңғырту және жаңартумен қатар Компания экология және ресурстарды тиімді пайдалану мәселелеріне де басымдық береді. 2018 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобы бойынша қоршаған ортаны қорғауға бөлінген қаражат 33 % өсіп, 6,63 млрд. теңгені құрады. 2018 жыл компаниялар тобындағы «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ және «Богатырь Комир» ЖШС секілді ірі еншілес кәспорындар шоғырланған Павлодар облысында экология жылы деп жарияланды, бұл ұйымдардың қыз­меткерлері жергілікті экология департаменті әзірлеген қоршаған табиғи ортаны қорғау шараларына белсене қатысты. Энергиямен жабдықтау және энергия тиімділігін арттыру жұмыстары аясында отын-энергетика ресурстарын пайдалану көлемін азайтуға бағытталған шаралар атқарылып, 35 мың тонна отынды үнемдеуге мүмкіндік жасалды.

Ұзақ мерзімді келешекке белгіленген стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу және нарықтағы бәсекелестікте басымдық таныту үшін Компания персоналды басқару жүйесін дамыту бағыттарын белгілеп, «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының 2018–2028 жылдарға арналған Кадр саясатын бекітті.

Компания қызметі сондай-ақ корпоративтік басқару жүйесін халықаралық озық үлгілерге сәйкес жетілдіруге бағытталған деуге болады. 2018 жылы корпоративтік басқару саласына жүргізілген тәуелсіз диагностикалау нәтижесінде «Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік басқару жүйесіне «ВB» рейтингі берілді, бұл көрсеткіш барлық маңызды аспектілер бойынша белгіленген өлшем-сапаның үздік тәжірибелерге сәйкестігін көрсетеді.

2018 жылы әлемдік үздік тәжірибеге сәйкес келетін және өтімділікті басқаруды орталықтандыруға бағытталған «Корпоративтік қаржыландырудың жаңа моделін енгізу» жобасы табысты жүзеге асырылды. Қазынашылық операцияларын трансформациялау аясында энергия холдингте төлем операциялары бойынша жаңа бөлім құрылып, жаңа бизнес-процестер жолға қойылды, қаржылық жағынан да сапалық жағынан алғашқы пайда түсуде. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында Компанияда трансформацияның Цифрландыру және Ақпараттық қауіпсіздік жобалары іске асырылуда. Тұтастай алғанда Трансформациялау бағдарламасының нәтижелері Компания активтерінің құнын жоғарылатуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қаржылық пен сапалық жетістіктерге әкелері сөзсіз.

Барлық жауапкершілікті сезіне отырып, Компания «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының тұрақты жұмысын және еліміздің өзіне қарасты өңірлерінде энергиямен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген даму бағыттары мен бастамаларын іске асыруға бар күш-жігерін жұмсамақ.

Бақытжан Жоламанов